Мектеп тарихы
МЕКТЕП ТАРИХЫ
Бүгінгі және келер ұрпақ елінің, туған жерінің тарихын, халқының өнер-білімін, рухани байлығын, дәстүрлерін білу-адамдықтың, азаматтықтың негізі.
«Озған ел тарихын таспен жазады»,-дегендей жер, ел, ер тарихы-келер ұрпақ үшін тарих емшісі.
Ұрпақ тәрбиесі-ұлы парыз. Жас ұрпақты алға апарар асыл мұраттарына тәрбиелеу, әрбір халықтың басты борышы, ұлттық мүддесі екенін жақсы түсінген халқымыз олардың дені сау, парасатты, білімді, адамгершілік қасиеттері жоғары деңгейде болуына ерекше көңіл бөлген. Бұл зор мақсаттың ашық көрінісі, басты шарты – м е к т е п.
Қазақ елі жерінде тұңғыш мектептер парасатты, әр уақытта қолдау, демеушілікпен ашылып, жаз киіз үйде, қыс қыстауда оқыған екен.
Ескелді ауданының орталығының батысына, Ешкөлмес тауының оңтүстік-батысынан 2 шақырымда, Көксу өзенінің оң жақ сағасында орналасқан «Жаңалық» ауылы.
1940 жылы Шұбар ауылдық кеңесіне қарасты «Жаңаталап», «Қызыл ту», «Жаңалық» ұжымшарлары бірігіп, оны Сталин атындағы ұжымшар деп атады. Алғашқы төрағасы болып Нұрмолда Алдабергенов сайланады.
Осы уақытқа дейін Шұбар ауылындағы орта мектепке жазда жаяу, қыста шанамен барып келіп оқыған «Жаңалық» елді мекенінің балалары үшін 1942 жылы қазіргі Шалғымбаева Айымбала тұратын үй бастауыш мектеп болып салынып 1-4 сынып оқушылары партаға отырады. Алғашқы меңгерушісі Әлімқұл Бесшоқпаров болды. Яғни осы жылдан бастау алған бастауыш мектеп мұғалімдері, өз шәкірттеріне білім нәрін шашқан алдыңғы буынды ұстаздар болып саналады. Олар Қарға Серғазінов, Байжомарт Дәндібаев, Кенжебай Әлпейісов, Құдайберген Байтасов, Жұман Нұрбеков, Байжұма Кәрібаев сияқты өз істеріне берілген жайсаң жанды ұстаздар еді.
Алғашқы оқушылардың қатарында Құдайберген Мұхамежанов, Қабдолда Меңісов, Көшкінбай Жанатов, Албосын Сыздықбаев, Шәкер Алмашев және басқалары болды.
1975 жылдан бастап орталау мектепке айналды. Жаңа мектеп үйі салынып пайдалануға берілді. Оған сол кездегі ХХІІ партия съезі атындағы ұжымшарды басқарған басқарма төрағасы Социалистік еңбек ері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Бошай Кітапбаевтың көп көмегі тиді. Орталау мектептің алғашқы директоры болып Жәдігер Қазыкенов тағайындалды, орынбасары болып Мұхит Монтаев сайланды.
Сол жылдары мектепте Зағира Жарлығапбаева, Тортай Мәйкебаев, Сапатай Кәріпбаев, Тұрсынбала Нұрманбетова, Қазина Наурызбаева сияқты жас ұрпақтарға сапалы білім, саналы тәрбиеге жетелеген ұстаздар еңбек етті.
Дегенмен ауыр кезеңді басынан өткерген ауыл халқы жұмыссыздықтың салдарынан басқа жаққа көшулеріне мәжбүр болды және басқа ұлттардың өз отандарына қоныс аударуларынан оқушылар саны күрт азайды. Соған байланысты оңтайландыру кезеңінде, яғни 1996 жылы мектеп жабылып, қайта бастауыш мектеп болды. Ата-аналардың араласуымен, аудан басшыларының көмегімен, қолдауымен екі жылдан соң қайтадан орталау мектеп болып ашылды.
1975- 1985 жылдары кешкі «жұмысшы жастар» мектебі де жұмыс істеді. Оның меңгерушісі Байжұма Кәрібаев болды. Кешкі мектептен жұмыс жасай жүріп орта білім алғандар қатарында бригадир А. Әлімбеков, механик С. Сердалинов, Звено жетекшісі Ш. Тергеуова, механизатор И. Гайворонский, сушы Н. Бехтольд, жүргізуші Т. Нұрбеков, қызылшашылар Т. Мерезенова, С. Байбосынова және тағы басқалар.
«Өз ұлын, өз перзентін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерін»- деп І. Жансүгіров атамыз жырлағандай, әдетте ұстаз еңбегі оның оқытқан шәкірттерінің өнер-білім биігіндегі табыстарымен, шыққан шыңдарымен бағаланады. Мектептен түлеп ұшқан шәкірттеріміз-ауылымыздың мақтанышы десе де болғандай!
35 жылдық тарихы бар мектебімізден білім алып, қазірде көпшілік құрметіне бөленіп жүрген түлектерімізді мақтан етеміз.
Олар, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етушілер; ұлағатты ұстаздар: Б. Ахметов, Е. Ахметов- І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушылары, Г. Алмашева, Г. Терлікбаева, А. Жекебаева Талдықорған қаласындағы мектептерде, Б. Имандосов-осы ауданның Балпық би атындағы мектебінің директоры, К. Байбосынов –Балпық би мектебінің информатика пәнінің мұғалімі, З.Жетпісбаева – аудан орталығындағы Ш.Уалиханов атындағы мектеп гимназиясының директорының орынбасары, И. Тазабекова, Н. Тазабекова –өзіміздің мектепте сабақ береді, дәрігерлер П. Тазабекова - Алматы Асфендияров атындағы Мемлекеттік мед университетінің ұстазы, Б. Құлбекова – Алдабергенов ауылдық амбулаториясының меңгерушісі, аудандық мәслихаттың депутаты, Қауіпсіздік комитетінің офицері Б. Мұхамежанов, Әскери институтының проректоры полковник Т. Ерденбеков, архитектор
Қ. Нұрманбетов, энергетиктер Ж. Нұрманбетов-Талдықорған РЭС бастығы, С. Сыздықбаев – бас инженер, офицер-кинолог К. Абдықалиев, заң кызметкері Е. Тазабеков, полиция офицері Е. Боранбаев, полиция қызметкерлері Д. Наурызбаев, А. Сердалинов тағы басқаларын қалай мақтасақ та болады.
Осылардың барлығы ұлағатты ұстаздардан білім алып, құнарлы топырақтан өсіп-өнгендер. Олай демеуге хақың жоқ, өйткені олар өз ұстаздарының арман-тілектерінен шыққандар. Ауылдың, мектептің даңқын шығаратын осындай азаматтар көбейе берсін. Оларды көрген аға буын ұрпақтары ризашылықпен ақ тілеу тілеп, ата дәстүрін жалғастырушыларға ақ батасын берері сөзсіз.
Орталау мектеп болғалы бері мектепке басшылық жасаған ұстаздар.
1975-1977 жж Жәдігер Қазыкенов
1978-1979 жж Қажым Иманғазин
1980-1981 жж Майра Алтынбекова
1982-1983 жж Бағила Азанбаева
1984-1985 жж Жебеген Манасов
1985-1987 жж Әбілғазы Наурызбаев
1988-1989 жж Нұржамал Райымбекова
1990 ж Төлеген Қуанықов
1991 ж Қанат Утельбаев
1992-1994 жж Әбілғазы Наурызбаев
1995-1996 жж Өмірзақ Молбаев
1996-1997 ж (бастауыш мектеп) меңгерушісі Ұлтуар Ағзамова
1997-1999 жж Бақыт Имандосов
2000ж Бақыт Ахметов
2001-2005 жж Сағатбек Ердененов
2006-2009 жж Нариман Естібаев
2010-2012 жж Бақытжан Тулендинов
2013-2016жж Нұрсұлтан Мұхасанов
2016жылдың шілдесінен Қанат Абдрашев
Қазіргі уақыттағы жағдай туралы мәлімет
Жаңалық негізгі орта мектебі мектепке дейінгі шағын орталығының педагогикалық ұжымы Ел Президентінің "Қазақстан-2030”жолдауын, "Білім туралы заңды”, Қазақстан Республикасының "Тіл туралы” заңын, "Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейін білім беруді дамыту тұжырымдамасын” басшылыққа ала отырып, 2001-2011 оқу жылына арналған мектепішілік жоспарын белгілеп, мектеп жасындағы балаларды оқумен толық қамтамасыз етуде, оқушылардың бос уақыттарын есепке алып, пәндік және басқа да үйірме, секцияларға тартуда, сабақта және сабақтан тыс уақытта оқу-тәрбие жұмыстарын үздіксіз жүргізіп, оқушыларды мектептен және сыныптан тыс тәрбие жұмыстарының барлық түрлерімен қамтуда нысаналы жұмыстар атқаруда.
Иә, бала-өмірімізің жалғасы, онсыз келешегіміз де күңгірт. Қазір заман ағымы күрт өзгерді, әр ел өз егемендігін алғанына 20 жыл да болып қалды. Соған байланысты жеке ұлт ретінде қалыптасу үрдісі жүріп жатыр. Шәкірт бойына халқымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, имандылық пен ізгілік нұрын себезгілеп сіңіруге баса назар аудару бүгінгі таңда басты мақсатымызға айналып отыр.
Біріншіден, тәрбие бермей жүріп, білім нәрімен сусындатамын деу ағат, теріс пікір екені күн өткен сайын айқындалып, айшықтала түсуде. Сондықтан да тәрбие мен білімді ұштастыра жүргізіп, оқушыларды жақсылық пен жамандықты, ақ пен қараны ажырата білуге үйрету, сөйтіп парасат-пайымын көтеруге бейімдеу көзі ашық игі жақсылар мен мұғалімдерден бастап әрбір ата-ананы да ойландырулары тиіс. Қазіргідей ұлт саясаты кезінде қазақ халқы үшін бұл мәселе екі есе жауапты екенін ұқсақ, болашақ ұрпақ тәрбиесіне немқұрайды қарамағанымыз деп түсінемін.
«Бала-балқытылған алтын, оны қандай қалыпқа құйып, қандай мүсін жасаймын десе де ұстаздың өз қолында» деген даналық сөз бар. Осы сөздің астарында білім шырақшыларының бүкіл қасиеті сиып тұр десе де болады.
Мектебімізде үш әдістемелік бірлестік құрылған.
1. Бастауыш сыныптар әдістемелік бірлестігі
(жетекшісі М.Медетбекова)
2. Гуманитарлық пәндер әдістемелік бірлестігі (жетекшісі С.Жандильдинова)
3. Нақты ғылымдар және жаратылыстану пәндер әдістемелік бірлестігі (жетекшісі Ш.Умарова)
Сол сияқты әр түрлі бағыттағы үйірмелер жұмыс істейді, олар «Домбыра», «Жас ақын», «Қолөнер», «Жас математик».
Сонымен бірге 2010 жылдың желтоқсанынан бастап шағын орталық ашылды (жетекшісі К. Нұржанова). Оған ауылдың 2,5-5 жастағы 15 бүлдіршіні қамтылған.
Қазақстан -2030» бағдарламасы бойынша мектебімізде бірқатар жұмыстар жүргізіліп отыр. Оқушыларымызды салауатты өмір салтымен өмір сүруге баулу, оларды компьютермен жұмысқа үйрету және мектеп жасындағы балаларды оқумен толық қамтылуын қадағалау. Тіл туралы заңның орындалуында мектебімізде жыл сайын 22 қыркүйекте «Халықтар Достығы» фестиваль жүйелі өткізіліп отырады. Оқу мен еңбек егіз демекші, оқушылардың патриоттық сезімін ояту және қалыптастыру мақсатында көптеген іс-шаралар, сынып сағаттары өткізіледі. «Спорт – денсаулық кепілі» деген айдармен ұйымдастырылған спорттық шаралар өзінің жақсы нәтижесін беріп жатыр.
Мектеп паспорты
Оқушылар саны – 60
Класс комплекті – 9
Оқу озаттары – 7
Оқу екпіндісі – 23
Мұғалім саны – 18
Жоғарғы санатты ұстаздар – 2
I‑санатты ұстаздар – 4
II‑санатты ұстаздар – 6
Санаты жоқ - 6
Жас мамандар – 3
Штаттық кесте
№ |
Атқаратын қызметтері |
Саны |
1 |
Директор |
1 |
2 |
Оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары |
1 |
3 |
Педагог – ұйымдастырушы |
0,5 |
4 |
Кітапханашы |
0,5 |
5 |
Мед бике |
0,5 |
6 |
Күзетші |
3 |
7 |
Вахтер |
Похожие публикации:25 апрель 2017 Әдістемелік жұмыс 25 апрель 2017 Мектепшілік іс-шаралар 25 апрель 2017 Әдістемелік отырыс 25 апрель 2017 Мектеп ұжымы 17 апрель 2017 7
|